Жүрегін ауыстырған астаналық әйел: Өмірдің әр минутын бағалаймын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық Гүлмира Смаилованың жүрегіне осыдан 6 жыл бұрын трансплантация жасалған. Ол 2015 жылдан бері ер адамның жүрегімен өмір сүріп келеді. Осы орайда елорда тұрғыны өміріндегі өзгеріс туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Менің жүрегім 2015 жылы ауыстырылды. Жүректегі ақау бала босанғаннан кейін басталды. Бастапқыда дәрі-дәрмек ішіп емделіп жүрдім, ол жылдары елімізде жүрек трансплантациясы аса дами қоймаған еді. 2011 жылы алғаш рет осы елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жасанды жүрек қабықшасы аппараты орнатылды. Ол донор тапқанша өмір сүруіме үлкен септігін тигізді. Елімізде жүрек трансплантациясы 2012 жылы алғаш рет жасалды. Маған донор табылғанша күтуге тура келді, сөйтіп 2015 жылдың 1 маусымында жүрегім ауыстырылды», - дейді елорда тұрғыны Гүлмира Смаилова.

Сондай-ақ, жаңа жүрек иесі өзіне донор болған азамат пен оның жақындарына алғысын білдірді.

«Әрине, мені құтқарған жанға алғыстан басқа айтарым жоқ. Оған жүрегін донор етуге рұқсат берген жақын туыстарына да мың алғыс. Себебі, олар бауырынан айрыла отырып, оның жүрегін басқа адамға беріп отыр. Бізге донордың кім екені туралы ақпарат айтылмайды. Білетінім ер адам. Ота жасағаннан кейін 1 айдай ауруханада ем алдым, одан әрі үй жағдайындағы күтімге көштім. Жылына 2 рет кардиохирургия орталығына барып тексеруден өтіп тұрамын. Медициналық талдау нәтижесі алынады, сонымен қатар өмір бойы ішуім керек арнайы дәрі-дәрмек бар. Барлық ем, ота және дәрі-дәрмек тегін беріледі», - дейді ол.

Одан бөлек, астаналық келіншек жүрегін ауыстырғаннан кейін өмірге деген көзқарасы өзгергенін жеткізді.

«Жүрек алмастыруды бір өліп, тірілу дер едім. Өмірге деген көзқарасың өзгереді, өз басым өмірдің әр минутын бағалаймын. Мұндай жағдайдан кейін әр уақытты бағалайтын боласың. Егер менің жүрегім басқа біреуге жарап жатса, өз жүрегімді трансплантацияға рұқсатымды беремін. Себебі, өз басымнан өткеннен кейін, жүрек доноры болуды жақсы түсінемін. Менің жағдайымнан кейін жақындарым да жүрек ауыстыру процесінің қаншалықты маңызды әрі күрделі мәселе екенін түсініп жатыр», - деді Г. Смаилова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жыл сайын 150 адамға жүрек трансплантациясы қажет.


Соңғы жаңалықтар