Майданда жаумен соғысып, бейбіт өмірде қылмыспен күрескен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Жеңіске 76 жыл толып отыр. 1941 жылдың маусымында басталып, 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа сол кездегі Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.

Соның ішінде жаумен ұрыста ерлік танытқан ақмолалық «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Құламерген Баймурзиннің ерлігі жас ұрпақтың жанында мәңгі сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде жыл сайын 9 мамырда Жеңіс күні аталып өтеді. Бұл мереке әр отбасына ыстық, өйткені соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Сол бір зұлматты жылдарда қаншама адам ажал құшты. Баланы әкесінен, ананы баласынан айырған сұм соғыс әр отбасына айықпас жара салды. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан және оралмаған ата-әжелері бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды, сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі. Бүгінгі бейбіт өміріміз сол майдангерлеріміздің қанымен, жанымен келді. Соғыс аяқталғаннан кейін көптеген майдангерлер өз өмірлерін Отанға қызмет етумен байланыстырды. Соның бірі «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, мерген-барлаушы Құламерген Баймурзин.

Құламерген Зайтонұлы Баймурзин 1925 жылы 3 желтоқсанда Өркен ауылында (қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы) дүниеге келген. Соғыс басталған кезде, 15 жастағы бала достарымен бірге майданға сұранады. Алайда, тым жас болғандықтан, оларды ұрыс даласына жіберуге рұқсат берілмеген. Кейін арада алты ай өткен соң Құламерген шынайы жасын жасырып, майданға өз еркімен аттанады.

Ол бір жыл бойы Ашхабадтағы № 18 снайпер-барлау мектебінде оқып, мергендіктің қыр-сырын меңгеріп шығады. Содан кейін Беларусь майданының I 354 гвардиялық дивизиясының 1201 атқыштар полкіне жіберілді. Онда мерген-барлаушы болып, жауға қарсы соғысады. Майданда Құламерген Зайтонұлы сол соғыстың қиындықтарын көп көрді. Бұл туралы әкесінің естеліктеріне сүйене отырып, майдангердің қызы Роза Құламергенқызы айтып берді.

«Әрине, соғыс біз сияқты бозбалалар ойлағандай болған жоқ. Мен қираған ауылдарды, атылған және асылған қарттарды, қарт әйелдер мен жас балаларды көрдім. Бірде (бұл 1943 жылы болған) мені барлауға жіберді. Тапсырманы орындап, отрядыма қайтар жолда жараландым. Оқ ішкі киімді, комсомол билетін тесіп өтіп, сол жақ кеуде сүйегіме қадалды. Құлап, есімнен таңып қалдым. Бірақ әріптестерім мені тауып алып, отрядқа алып келді, ауруханаға жіберді. Олар мені сол жерде емдеді, бірақ алған жарақатым тез жазылып кете қоймады».

Мерген-барлаушы Құламерген Баймурзин соғыс жылдары бірнеше рет барлауға барды, сегіз рет жараланды. Оның ерлігі мен батылдығы басшылық тарапынан ескерілді. Оған Қызыл Жұлдыз орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталғандығы айғақ. Оған атаулы қару берілді. Құламерген Зайтонұлы үшін соғыс 1944 жылдың 28 шілдесінде аяқталды, ол алған ауыр жарақатынан комиссияланып, үйіне қайтты. Оған сұм соғыс ауыр тиді, майдан даласында көптеген жолдастарынан айырылды. Онымен майданған бірге атанған 60 адамның екеуі ғана үйіне аман оралған.

Ардагердің қызының сөзінше, әкесі соғыс туралы көп айта бермейтін. Жолдастарынан, майдандастарынан айырылу оның жан дүниесіне айықпас жара қалдырды. «Әкем: «Соғыс – бұл романтика емес... соғыс – бұл шексіз азап пен өлім», - деп айтушы еді», - дейді қызы.

Ол соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет істеді. Учаскелік инспектор болды. Құламерген Зайтонұлын білетіндер оның есімін аса құрметпен және ризашылықпен еске алады. Ол адал және өз ісіне берілген, елінің абыройлы азаматы бола білді. Құқық қорғау органдарында қызмет істеген жылдары үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен марапатталуы оның қаншалық ісіне адал болғанын білдіреді. Құламерген Зайтонұлы-КСРО ІІМ құрметті қызметкері. Ол 1985 жылдың 9-ші желтоқсанында дүниеден өтіп, Кантемировец ауылында жерленді.

Бүгінгі күні батырдың ерліктерін өзінен кейінгі балалары мен немерелері жалғастырып келеді. Туған ұлы Сабырбек Баймурзин қазір отставкадағы офицер, немересі Арман Жетпісбаев та құқық қорғау органдарында ұзақ уақыт қызмет істеді. Майдангердің туған және немере інілері үлкен Баймурзиндер әулетін құрайды, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында басшылық қызметтер атқарады және құқық қорғау ісіне өз үлестерін қосып келеді.


Соңғы жаңалықтар