Қарағанды облысында онлайн сауда үш есе ұлғаюы мүмкін

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында онлайн сауданың үлесі үш есеге, яғни 0,8%-дан 2,4%-ға дейін өсуі болжанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электрондық сауданы дамыту мәселелері онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

«Ресми мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы облыста бөлшек сауда көлемі 8,1 млрд теңгені құрады. Карантин кезеңіндегі жағдайды ескере отырып, көптеген сауда үйлері мен қоғамдық тамақтандыру нысандары жабылуына байланысты жеткізу бойынша жұмысқа көшкен кезде, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек тауар айналымындағы үлесті 2,4%-ға арттыра отырып, электрондық сауданың кемінде үш есеге өсуі күтілуде», - деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Сондай-ақ, ол 2025 жылға қарай электронды сауда үлесін 10%-ға жеткізу міндеті қойылғанын жеткізді.

«2019-2025 жылдарға арналған электрондық сауданы дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Құжат тұтынушыларды қорғау шараларын, бизнес үшін преференцияларды, қолдау инфрақұрылымын құруды көздейді», - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, азаматтарды цифрлық сауаттылыққа үйретеді. Карантин жағдайында курстар қашықтықтан https://digitalkz.kz/kursy/ сайтында өткізіледі.

Қарағанды облысында https://ba09.kz интернет-алаңы құрылды, онда онлайн-дүкендер мен қызметтерге сілтемелер ұсынылған.

Жыл басынан бері облыста қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бес есеге өсті. Статистикалық мәліметтер бойынша, бес айда ол 553 млрд теңгені құрады.

«Электронды сауда көлемі өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Сауда көлеңкеден шығады. Бұл үрдісті қолдау керек. «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнеске электронды алаңдарды игеруге көмектесу қажет. Халықтың сандық сауаттылығын арттыруымыз тиіс», - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар