«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын берілетін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын берілетін болды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шығармашыл жастарға жүйелі түрде қолдау көрсету үшін Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын жыл сайын беру туралы мәселе шешілді. Өздеріңізде білетіндей, бұл сыйлық бұған дейін 2 жылда бір рет беріліп келген болатын», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетерлігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметi үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында екі жылда бір рет номинациялар бойынша берiледi. Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады.

Әр жылдарда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына Серік Сәпиев, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Арын Орсариев, Мейрам Бегентаев, Ғалым Ахмедьяров, Сара Тоқтамысова, Махат Садық, Ринат Кертаев, Дихан Қамзабекұлы, Досымжан Таңатаров, Айгүл Иманбаева сияқты белгілі талантты тұлғалар, «Муз АРТ», «Жігіттер», «Ұлытау» топтары ие болды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мынадай номинациялар бойынша беріледі (саны 10): ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет. Сыйлық бір уақытта бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды. Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.

Соңғы жаңалықтар