Ардагерлерді қолдау: Қазақстандағы төлемдер көрші елдерден жоғары болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатары сиреп келеді. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 665 ардагер бар екен. Былтыр елімізде 1025 майдангер болған.

«Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 665 ардагері, сондай-ақ басқа санаттағы 113 мың 555 азамат (Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам; ҰОС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 2 296 адам; ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам; тыл еңбеккерлері – 89 385 адам; ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер– 21 569 адам) тұрып жатыр», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Сонымен қатар ол Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ай сайын қанша төлем жасалатынын айтты. Өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты (оның ішінде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескергенде әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

- Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылары үшін – 182 851 теңгені;

- Екінші дүниежүзілік соғысы мүгедектері үшін – 188 051 теңге;

- басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге;

- Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 154 638 теңге;

– Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін-119 562 теңге;

- Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне - 120 112 теңгені құрайды.

«Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге қиын өмірлік жағдайда немесе мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді. Оған тұрғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тіс протездеу және тағы басқалар кіреді», – деді вице-министр.

Айта кетейік, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Сонымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске үлес қосқан азаматтардың басқа да санаттарына төлемдерді жүзеге асыру үшін 6,4 млрд теңге қарастырылды.

«Еңбек министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жеңіске үлес қосқан азаматтардың жоғарыда аталған барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде, барлық өңірлерде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемінде 50 мың теңге, Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдары тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге берілді», – деп хабарлады Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 14 өңірде аталған төлемдер жасалды, ал қалған өңірлерде 9 мамырға дейін аяқталады. Сондай-ақ, Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Көрші елдерде ардагерлерді қолдау

Көршілес елдерге қарағанда Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем деңгейі жоғары болды. Әсіресе, бұл жайында соңғы күндері ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр.

«Елімізде кемінде 1 млн теңге сомасында ардагерлерге төлем жасау туралы ұсыныс жасалды. Мемлекет бойынша бұл біржолғы төлем стандартталған. Басқа елдермен бұл бағытта арнайы салыстыру жүргізілмеді. Дегенмен, басқа елдерге қарағанда, Қазақстанда төлем жағынан жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Мысалы, Өзбекстанда біржолғы төлем 500 мың теңге, Ресейде 60 мы4 теңге шамасында», - деді вице-министрі Ерлан Әукенов.

Осы орайда ресми жарияланған мәліметтерді ескере отырып, көршілес елдерде төленіп жатқан сыйақы мөлшерін салыстырып көрдік.

Ресей

РФ Зейнетақы қорының мәліметінше, Жеңіс күніне орай 33 мыңнан астам соғыс ардагеріне 10 мың рубльден (57 мың теңге) төленбек. Бұл төлем зейнетақыға қосылып беріледі.

Сонымен қатар, Ресейдің өңірлерінде ардагерлерге түрлі сомада (50 мың теңге және одан жоғары) қосымша біржолғы төлемдер жасалады.

Өзбекстан

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев 2021 жылғы 20 сәуірде «Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларын ынталандыру туралы» жарлыққа қол қойды.

Оған сәйкес, соғыс қатысушылары мен мүгедектерінің әрбіріне республика бюджетінен 12 миллион сум (500 мың теңгеге тарта) мөлшерінде бір реттік ақшалай сыйлық берілді.

Қырғызстан

Қырғыз Республикасының Жеңіс күнін тойлау бойынша жыл сайынғы біржолғы жәрдемақы бекітілді. Осы орайда соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 70 мың сом (350 мың теңге) берілетін болады.

Тиісті Жарлыққа биыл сәуір айының соңында ел Президенті Садыр Жапаров қол қойды. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қырғызстанда Екінші дүниежүзілік соғыста болған 146 ардагер қалған.

Әзербайжан

Жеңістің 76 жылдығына байланысты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығы жарияланды.

Бұл тұрғыда соғыс ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек қарастырылып отыр.

Құжатта1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыста болғандарға 1500 манат (380 мың теңге шамасында) сомасында төлем жасалатыны айтылған.


Соңғы жаңалықтар