Алматы облысында Жеңіс күніне орай 9 мыңға жуық адамға материалдық көмек көрсетілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Жеңіс күніне орай 9 мыңға жуық жанға материалдық көмек көрсетіледі. Осы мақсатқа 330 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов соғыс ардагерлері Михаил Баранов пен Қаңтарбай Сәрсенбайдың шаңырағына барып, ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, мерекелік сыйлықтар тапсырды.

Михаил Васильевич 1941 жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, 1947 жылы әскерден қайтты.

Ардагер І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген әскери және мерейтойлық медальдармен марапатталды.

«Михаил Васильевич, Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіз қандай құрметке де лайықсыз. Сіз сияқты жауынгерлер Жеңісті жақындатып, бейбіт өмірді қамтамасыз етті. Сізді аман-есен көру - біз үшін қуаныш. 100 жасқа келген мерейтойыңызды қарсы алуыңызға тілекшімін, - деді Амандық Баталов.

«Құрмет көрсеткендерің үшін көп рахмет. Мен өте қуаныштымын. Бүгін бәріміз үшін айтулы мереке», - деді биыл 98 жасқа келетін ардагер алғысын жеткізіп.

Михаил Васильевич бұрын әңгімелеген әскери оқиғалар жайлы ардагердің қызы айтып берді, оның майдандағы фотосуреттерін көрсетті.

Мұнан соң Амандық Баталов соғыс ардагері Қаңтарбай Сәрсенбайдың шаңырағына барды.

«7 мамырда 97 жасқа толдым. Соғыс жылдарында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бір гвардияда болдым. Ол кезде мен Жеңістің 76 жылдығын көремін деп ойлаған да жоқ едім. Бүгінде балаларымды өсіріп-жеткіздім, қазір 25 немерем мен 45 шөберем бар. Жастар, Отанды қорғауға әрдайым дайын болыңдар, туған елді сүйіңдер, патриоты болыңдар. Қазір біз жақсы кезде өмір сүріп жатырмыз. Елбасына, Президентімізге біз сияқты ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлықтары үшін шын жүректен ризамыз. Ең бастысы бәріңізге мықты денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын!» - деді ардагер.

«Облыста сіз сияқты 41 ардагер бар. Сізбен бір дәуірде өмір сүргеніміз - біз үшін мақтаныш. Ең бастысы, ауырмаңыз. Біз сіздің 100 жасқа келген мерейтойыңызды тойлаймыз әлі. 9 Мамыр мерекесімен тағы бір мәрте құттықтаймын. Жеңісті әпергендеріңіз үшін сіздерге зор алғыс айтамыз, барша ардагерлердің алдында басымызды иеміз», - деді Амандық Баталов.

Еске салсақ, Қаңтарбай Сәрсенбай майданға 18 жасында 1942 жылы кетті. Майдандағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталды.

Мерекелік құттықтаулар шеңберінде ардагерлердің құрметіне әскери оркестр «День победы» және «Прощание славянки» марштарын орындап берді.

Михаил Васильевич пен Қаңтарбай Сәрсенбайды жас кадеттер де құттықтады.

Еске салсақ, Жеңістің 76 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысқан Алматы облысындағы 41 ардагер мен ҰОС мүгедектеріне бір миллион теңгеден бір реттік төлемақы беріледі.

Сонымен қатар төлем Жеңіске үлес қосқан 15 санаттағы азаматтарға да қаралған.

Осы санаттағыларға бір реттік материалдық көмекке жалпы сомасы 328,2 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 8718 адам қамтылмақ


Соңғы жаңалықтар