Ақтөбеліктер 101-атқыштар бригадасынан тірі қалған жалғыз ардагерді құттықтады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – 101-атқыштар бригадасының жауынгері Сатылған Бекмағамбетов биыл Жеңіс мерекесінде құттықтап келушілерді ақ батасымен қарсы алды. Ғасыр жасаған қарт қаруластары арасынан өзі ғана тірі қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сатылған Бекмағамбетов 1921 жылы Ойыл ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген.

Ол Қобда ауданындағы Жиренқопа ауылындағы мектепте оқып, зоотехник мамандығын да алып үлгерді. Ал 1941 жылы майданға шақырылды.

Бірден оқу-жаттығуға қатысып, 1942 жылы 101-атқыштар бригадасы құрамында шайқасқа түсті. Тарихқа сүйенсек, 101-атқыштар бригадасы Ақтөбеде жасақталды.

Оған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау мен Қызылорда облыстарынан шақырылғандар кірді.

4 мыңға жуық жауынгері мен командир, 16 жүк, 6 жеңіл көлігі мен 460 ат да осы бригаданың еншісінде болды.

Сатылған Бекмағамбетов сол майдангерлер арасында тірі қалған жалғыз ардагер. Ол Мәскеу, Ржев, Смоленск түбіндегі қанды шайқастарда аман қалды, екі рет жараланды.

Тұтқынға түсті, қашып шығып, әскерге қайта қосылды.

«Бір апта бойы әкемді Жеңіс күнімен құттықтап келіп жатыр. Өзі соғыс жылдары туралы айтпайды. Себебі «құпия сақтау» туралы жарлыққа қол қойған екен. Ал жеңісті Кенигсбергте қарсы алған. Әкем 8 баласынан 16 немере, 21 шөберемен қатар шөпшегін де көрді», - дейді Сатылған Бекмағамбетовтің баласы Мақсұт Исмағұлов.

Сонымен берге облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нугманов соғыс ардагері Михаил Диденконы да құттықтады.

Ардагер тұратын көпқабатты үйдің алдында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Михаил Диденко өз ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар