Ақтөбе археологтары Едіге жалында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Едіге батыр мен Исатай батыр жерленген қорымды анықтау, зерттеу жұмысы басталды. Қазір археологтар Едіге жалы деп аталатын жерде қазба жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның киелі жерлері геогрфиясы» бағдарламасы аясында Ақтөбеде бірқатар жоба қолға алынды.

Соның бір тармағы - Әмір Едіге және Исатай Тайманұлының жерленген жерлерін анықтау, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу.

Екі бағыттың да негізгі жетекшісі - тарих ғылымдарының докторы, профессоры Серік Әжіғали.

Жұмысты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірге Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері атқарып жатыр.

Қазір олар Байғанин ауданы Қопа ауылдық округіндегі Едіге жалы төбесінде жүр.

«Бірқатар жергілікті зерттеушілердің, оның ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асанның көпжылдық еңбегінде осы жерде Едіге батыр жерленді деген болжам бар. Осы жылдың тамыз айында Серік Әжіғали бастаған топ этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сағыз өзенінің бойында үш қорымды анықтап кетті. Біріншісі - Алып ана қорымы. Атырау облысының территориясына жатады. Кесенеге ұқсас бейіт. Кірпіші де сол ортағасырлық дәуірге жататын стандарт кірпіш. Көлемі - 22х22 см, қалыңдығы - 6 см. Алып анадағы бір ғана кесене құлап қалған, жер бетінде сәл ғана көрініп тұр. Екіншісі - Түкті ата қорымы. Сағыз өзенінің оң жақ жағалауында. Мұнда да ортағасырлық дәуірге жататын бір кесене тұр. Бұл аумақты ХХ ғасырдың аяғына таман қара тастап қоршап қойған. Адамдар тәу етеді. Үшіншісі - Едіге жалы. Үшеуінде де бір уақыттың кірпішін көрдік. Біздің жыл санауымызбен ХIV-ХV ғасырларға жатады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Абат байтақ, Қобыланды батыр кесенесінде табылған кірпішпен бір уақытқа келеді», - деді Ақтөбе тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Ол кейін аңызға тоқталып, болжамдарымен бөлісті.

«Аңызға сүйенсек, Едігенің атасы - Түкті ата, анасы - перінің қызы. Алып ана деп атаған. Мифологияда бәрі ұштасып тұр. Едіге жалы, Едіге бейіті деген топонимикасы да дөп келеді. Ноғайлы дәуірін алатын болсақ, Қазақстанның батыс аймағы Ноғай ордасы құрылған орталықтардың бірі деп саналады. Жем өзінің бойы, Жайық өзенінің аралығы. Осы тұжырымдармен жоспар құрылды. Жоспар бойынша біз этнографиялық зерттеу жүргізіп, кейін геофизикалық зерттеу жасап, қазба жұмысын бастадық. Екі ересек, бір баланың сүйегі шығып тұр. Енді антропологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Алматыдағы лабораторияға сүйектерді апарамыз. Сол кезде жынысын, жасын анықтайды. Нақты жасын анықтау үшін шетелге де жіберуіміз мүмкін. Ондай зерттеу Швеция, Германия, Венгрия, АҚШ-та бар. Швеция мен Америкада үлкен зертханалар сүйектер арқылы адамдардың туыстық қарым-қатынасын анықтайды. Баласы ма, әкесі ма?», - деді Мейрам Дүйсенғали.

Ал келер жылы Түкті ата мен Алып ана кесенелеріне зерттеу жүргізу жоспарда бар. Дегенмен мұның да өз қиындығы бар.

«Үш қорымнан шыққан сүйектер арасындағы туыстық қатысты да анықтамақпыз. Соңында генетикалық анализ жасаймыз. Мұнда бір мәселе шығып тұр. Алып ана Атырау облысының территориясына жатады. Әкімшіліктен бөлек, халықпен де кеңесіп, рұқсатын алуымыз керек», - деді Мейрам Дүйсенғали.

Айта кетейік, мұндағы қазба жұмыстары осы айда басталды. Жалпы жергілікті археологтар өңірдегі зерттеу жұмыстарын мамырда бастаған.

«Бұл жер үйінді болды. Біз 1-2 метр қазып, кесененің негізгі қалпын шығардық. Содан кейін ғана қабір табылды. Қабір іші қаланған», - деді облыстық тарихи өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Аслан Мамедов.


Соңғы жаңалықтар